Ермек Имантаев аштық жариялап, адвокаттан бас тартты

29 сентября 2023 г. 9:00 / Новости Казахстана

Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев «Ақтөбе» ӘКК-нің экс-төрағасы болған тұстағы ісі үшін айыпталып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бүгін ол өзінің аштық жариялап, ас-су татып алмайтынын айтып, жеке адвокатынан бас тартып, мемлекеттік қорғаушы сұрады, деп жариялады ҚазАқпарат.

Биыл 11 шілде күні «Ақтөбе» ӘКК-нің экс-төрағасы Ермек Имантаевқа қатысты соттың алдын ала тыңдалымы өтті. Оған алдымен Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін істі тергеу кезінде бұл бап Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабына ауыстырылды.

Бұған дейінгі сот отырыстарында сотталушы Ермек Имантаев денсаулығына байланысты шағым айтып, кейбір тыңдалымды кейінге шегерген болатын. Бүгін өз қорғаушыларынан бас тартып, мемлекеттік қорғаушы сұрады. Мемлекеттік айыптаушы оған қарсы болмады.

- Облыс прокурорына, ҚАЖ департаменті бастығына аштық жариялайтыным туралы айттым. Кеше жедел жәрдем мені ауруханаға алып кетті. Дәрігерлер құрғақ аштықтың қауіпті екенін айтты. Жүрек ауруы бар адам екі күн ғана шыдай алады екен. Соған қарамастан мен тәуекелге бардым. Мені естісе екен деймін. Кезекші прокурор, қандай да бір мемлекеттік органның басшысы келіп, менің не айтқым келетінін біліп, түсінгісі келмеді. Қылмыстық істе заңбұзушылық көп. Президентке 17 беттік хат жолдадым. Келіспейтін тұстарымды айттым. Тіпті Қылмыстық кодекстің бабы дұрыс жазылмаған. Дәлелдер мен айыптаулар қарама-қайшы. Сот қарап отыр, бірақ назар аудармайды. Істі қайта тергеуге жіберді де қайта-қайта сұрадым. Мені естімейді. Менің өлсем құқық қорғау органы еститін шығар. Сондықтан аштықты тоқтатпай, соңына дейін жеткізгім келеді»,- деді сотталушы Ермек Имантаев.

Ол ҚР Бас прокуроры мен ҚР Жоғарғы сотының төрағасымен сөйлескісі келетінін айтты.

- Басты мақсатым -ҚР Бас прокуроры мен ҚР Жоғарғы сотының төрағасымен сөйлесу. Мен барлық органға, депутаттарға, прокуратураға жаздым. Ешкім естімейді. Сол себептен осындай шет бір іске баруға мәжбүр болдым,- деді сотталушы.

Автор
Новости партнеров