Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемдік рейтингте146-орында тұрған чехиялық 16 жасар Бренда Фрухвиртовамен кездескен болатын. Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте чехиялық спортшы брейкпен алға шыққанымен, Елена көпке ұзатпады. Содан кейін тағы бір брейкпен сетті тәмамдады – 6:4.
Бренда Фрухвиртова екінші партияда да брейк жасағанымен Е.Рыбакина таразы басын қайта теңестіріп, өз геймін де алды – 3:2. Ақыры матчты кезекті брейкпен түйіндеді – 6:2
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Елена Рыбакина екінші айналымда Чехияның тағы бір жас жұлдызы, әлемнің 50-ракеткасы, 18 жастағы Линда Носковамен шеберлік байқасады.
Ал тағы бір отандасымыз Александр Бублик 3 сағат 20 минутқа созылған тартысты ойында рейтингте 129 орында тұрған италияндық Джулио Зеппиериден 0:6, 6:4, 6:4, 3:6, 5:7 есебімен ұтылып қалды