Екібастұздағы үйлерге жылу беру қашан аяқталады?

5 декабря 2022 г. 20:31 / Новости Казахстана

Екібастұздағы төтенше жағдайдан кейін тұрғынүйлерге қайтадан жылу беру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Енді қаладағы жылусыз қалған әр пәтердің жылу батареясы ауыстырылады, деп хабарлайды arbat.media.

Қарашаның соңында басталған төтенше жағдайдан кейін қала тұрғындары арасында жылусыз қалған пәтерлерге жылу батареясы жетпей жатқаны туралы әңгіме кең таралған. Сонымен бірге, өңір әкімдігі көпқабатты тұрғынүйлерге тек жылу тасымалдайтын магистраль құбырды ғана жаңалайтыны туралы ақпарат шыққан. Алайда Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Круг Екібастұздағы зардап шеккен пәтерлерге қажетті жылу батареясы берілетінін атады. 

"Бұл ақпарат мүлдем шындыққа жанаспайды. Екібастұз тұрғындары үшін жылу батареясы барлығына жетеді. Қалаға 2500 батарея әкелінді. Бұған дейінгі екі күнде 850 батареяны ауыстырдық. Сондықтан, істен шыққан батареялардың кейбірін сол күйі қалдыру керектігі туралы ешқандай бұйрық болған жоқ", - деді Олег Крук.

Қаладағы жағдай шиеленіскен сәтте еріктілер әр пәтерді аралап, жылыту құрылғыларын таратып жатқаны айтылды. Журналист Оңғар Қабден Екібастұзда арнайы барып, жағдаймен жақын танысқанын желіде жазды. Ол қаладағы кейбір нысандарда тұрғындар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді. 

"Екібастұзда аяз қысып келеді. Жылыту құрылғылары болғанмен, кейбір үйлерде жарық жоқ. Атамұра, Өнер, Естай музыка мектебінде  мыңдаған адамға ыстық тамақ ұйымдастырылуда. Аязда далада жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға ыстық тамақты да сол жерлерден еріктілер тасып жатыр", - деп жазды Оңғар Қабден. 

Жалпы, Екібастұз қаласы бойынша барлығы 689 көпқабатты үй бар. Олардың жылу жүйесін жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылып отыр. Ал төтенше жағдайдан кейін бірне құрылған жедел штаб Екібастұз қаласында жылуды қалпына келтіру бойынша  көпқабатты 71 үйдің жертөлелеріндегі жылыту тораптарына жылу берілгенін хабарлап отыр. 

Айта кететін тағы бір жайт, Екібастұзға барған сапарында премьер-министр Әлихан Смайылов кінәлілер жауапқа тартылатынын жеткізді.  

Автор
Новости партнеров