Балық инспекциясының мамандары Ақтауда өлген итбалықтардың табылмағанын мәлімдеді
Маусым айының соғында Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы демалыс орындарының бірінде 2 өлі итбалықтың табылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда балық инспекциясы басқармасының инспекторлары өлекселерді таба алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.media.
Аталған дерек негізінде табиғатты қорғау прокуратурасы, мамандандырылған ғылыми ұйымдардың өкілдері, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология департаменттері және құқық қорғау органдары кіретін жұмыс тобының барлық мүшелері жедел түрде хабардар етілген.
Екі күн бұрын таңертең жергілікті балық инспекциясы басқармасы, экология департаменті, ветеринарлық қызмет және Қазгидромет қызметкерлері болжамды орынға шыққанымен, итбалықтардың өлекселері табылмаған. Бұл туралы тиісті акт жасалып отыр.
Қазіргі уақытта облыстық балық инспекциясы басқармасының инспекторлары итбалық өлекселерін анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.