Атырауда бекірені заңсыз аулағандарға 15 млн теңге айыппұл салынды
Қазақстанның батысындағы Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре –2023» балық қорғау акциясы аяқталып, осы кезеңде браконьерлерден 1 тонна бекіре тәркіленген, деп хабарлайды Arbat.media.
Балық шаруашылығы комитеті іс-шара кезінде 15,5 млн теңге айыппұл салынғанын атады. Балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Ерасыл Суықбаев Жайық-Каспий су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы қазір толықтай аяқталған. Аталған акция 1 сәуірде басталып, 31 мамырға дейін жалғасты.
Экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесе өткізілген акцияның мақсаты – бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету. Акция кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары табиғат заңнамасын бұзудың 972 дерегін анықтады. Заң талабын бұзған 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Браконьерлікке, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлерінің заңсыз айналымына қатысты 36 қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты құқық бұзушыларға 15,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 68 тонна 300 келі балық, оның ішінде 1001 келі бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері алынды. Бекіренің 29 келі қара уылдырығы тәркіленді. 295 балық құралы, 76 су көлігі мен 13 автомашина тәркіленді, - деді Ерасыл Суықбаев.
Іс-шара барысында Атырау облысының құқық және табиғат қорғау органдары Исатай, Жылыой, Құрманғазы аудандарындағы, Дамбы бағыты мен "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты секілді криминогендік аймақтарына баса назар аударғандарын жеткізді.