Астанада зейнеткердің 16 миллион теңгесін алып кеткен алаяқ ұсталды

7 июня 2023 г. 15:41 / Новости Казахстана

Астанада зейнеткерді алдап, 16 миллион теңгесін алып кеткен алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды Arbat.media.

Polisia.kz-тің жазуынша, елорда тұрғыны полицияға арызбен жүгініп, белгісіз біреулер телефонға қоңырау шалып, қызының полицияда екендігін және мәселені шешу үшін шұғыл түрде ақша жіберу керек екенін хабарлаған.

Нәтижесінде қариядан 16 млн теңге көлемінде ақшаны алдап әкеткен. 69 жастағы әйелдің түсіндіргені бойынша, түн ортасында үй телефонына әйел адам қоңырау шалып, жылаған дауыспен: “Анашым, мен апатқа ұшырадым, қазір проблемаларымды шешу үшін полицияда жүрмін, маған ақша керек”, – деген.

Содан кейін телефонды ер адам алып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге қазір әріптесі келіп, қолма-қол ақшаны алып кететіндігін мәлімдеді. Мәселені шешу үшін қанша ақша керек деген сұраққа, олар қанша бар соны беріңіз деп жауап берген.  

Егде жастағы әйел мән-жайды түсінбей, ақша жинай бастаған. Зейнеткер Меккеге қажылық жасау үшін жинаған 16 млн теңгесін қызының қауіпсіздігі маңыздырақ деп ойлап, ақшаны келген адамға берген. Кейін есіне түсіп, қызының жағдайы жақсы екендігін, өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген ол полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында курьер ретінде келіп, әйелден ақша алған 26 жастағы ер адам анықталды. Күдікті “курьер” қызметі үшін оған жалпы соманың 10%-ы берілуі керектігін мойындады.

Қазір күдікті Астана қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – дейді Астана қаласы ПД КПБ бастығы Дастан Қалиев.

 

 
 

Автор
Новости партнеров