Астанада суға түсетін төрт аумақ белгіленді
Астана ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының мамандары жазғы шомылу маусымына дайындық туралы айтты, деп хабарлайды Arbat.media.
Басқарма басшысы Азамат Құсайыновтың сөзінше, жаздың ыстық күндері жағажайда демалушылар қатары қалың болмақ. Сондықтан суда қауіпсіз демалу үшін тиісті ережелерді сақтау қажеттігін азаматтар ескеруі тиіс.
Бүгінде елордалық ТЖД шомылу маусымының ашылуына дайындықты белсенді жүргізуде. Шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының әкімі «Шомылу маусымы кезеңінде Астана қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, бекітті. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп су айдындарында 10-нан астам ақпараттық стенд және шомылуға тыйым салынған жерлерде 100 тыйым салу қауіпсіздік белгісі орнатылды, – деді ол
Биыл Астанада шомылуға арналған 4 орын белгіленген. Олардың қатарында орталық жағажай, "Три пескаря" демалыс аймағы, "Астаналық аула" және Ш.Бейсекова көшесіндегі көпір маңындағы коммуналдық жағажай.
Су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2gis» платформасында орналастырылған. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе туындаған кезде тиімді шешімдер қабылдау мақсатында шомылуға тыйым салатын 21 учаскеде қосымша бейнебақылау камералары орнатылды.
Шомылу кезеңінде күнделікті патрульдеуге 50 сүңгуір құтқарушы, 15 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар жедел-құтқару техникасы, 6 бірлік жүзу құралдары тартылатын болады. Шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымда ашылады. Арнайы жабдықталған орындарда: жағажайларда, бассейндерде және құтқарушылар патрульдейтін орындарда шомылған дұрыс, - деді Азамат Құсайынов.