Астана әкімі әлем чемпионы атанған боксшыларға баспана сыйлады

27 мая 2023 г. 3:48 / Новости Казахстана

Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында топ жарған астаналық Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбайға қала әкімі пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды Arbat.media.

Мамыр айының басында Ташкентте өткен сынға қатысқан астаналық боксшыларды Жеңіс Қасымбек қабылдады. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Елордалық боксшыларымыз 2023 жылғы Ташкентте өткен әлем чемпионатында үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай алтын жүлдегер атанды! Бүгін оларға демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтердің кілттерін табыс еттік. Сол сияқты жаттықтырушылардың да еңбегін назардан тыс қалдырмадық. Бұл жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз дайындық, спортшылардың өзіне деген сенімділігі жатыр! Боксшыларымыздың ары қарай да биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көріне беруін тілеймін! - деп жазды елорда әкімі.

Бұған дейін әлем чемпионатында қазақстандық 4 боксшы әлем чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ, Дулат Бекбауов күміс жүлдеге қол жеткізді. Ташкентте өткен біріншіліктің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте Өзбекстаннан кейінгі екінші орынға тұрақтады. Бұл чемпионат ұлттық құраманың 2013 жылдан кейінгі ең айтулы жетістікке қол жеткізген жарысы болып отыр. 

Автор
Новости партнеров