Әскери қызметте басшыға қарсы шыққандар бірнеше сотталуы мүмкін
Енді әскери қызмет кезінде басшыға қарсылық танытып немесе оның денсаулығына зиян келтіргендер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Arbat.media.
Ашық талқыға шығарылған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында егжей-тегжейлі жазылған.
Бастыққа, сол сияқты өзiне жүктелген әскери мiндетін орындайтын өзге адамға қарсылық көрсету немесе оны осы мiндеттердi бұзуға күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы мәжбүрлеу — 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі не 50 тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамауға алынады. Ал осындай әрекеттер арқылы басшының денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, онда кінәлі 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады, — деп жазылған заң жобасында.
Аталған заң жобасы қабылданған жағдайда әскери қызметті атқару кезінде бастыққа зорлық-зомбылық көрсеткендерге де дәл осындай жаза қолданылмақ. Ал қазіргі заңдарда мұндай нормалар жоқ.
Құжат 23 қаңтарға дейін ашық талқылауда болады.