Алты жылға сотталған Қайрат Сатыбалды ШҚО-дағы колонияға жеткізілді

5 декабря 2022 г. 19:36 / Новости Казахстана

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды Шығыс Қазақстандағы түрмеге жеткізілді, деп хабарлайды arbat.media

Оның аталған өңірдегі №22 колонияда жазасын өтейтіні туралы айтылып отыр. Тамыз айында Қазақстандағы барлық тәртіп түзеу колониялары цифрлық атау алған болатын. Енді Қайрат Сатыбалды шығыстағы лагерде алты жыл бойы отыратын болды.  Бұл ақпаратты Астана қалалық соты да растап отыр.

«Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот үкімі 20 қазанда заңды күшіне енді. Ол жазасын Шығыс Қазақстан облысы бойынша № 22 қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемесінде өтейді», - деді Астана қалалық сотының баспасөз қызметіндегілер.

Қайрат Сатыбалды наурыз айының ортасында Алматы әуежайында Түркияға ұшқалы тұрған жерінен ұстаған болатын. 13 наурызда Антикор қызметі экс-президенттің немере інісінің ұсталғанын растады. Ол Назарбаев әулетінен Елбасы президенттіктен кеткеннен кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған алғашқы адам болып отыр. Кейін Сатыбалды өзінің кінәсын толық мойындаған.

Қыркүйек айының 26 күні Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот аяқталды. Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған еді. Сот оның мүлкі тәркілеп, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Ол Қазақстанның тұңғыш президентінің туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Сатыбалды Назарбаев 1981 жылы жол апатынан қайтыс болған. Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш 17 қаңтарда еліміздің ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылған.

Автор
Новости партнеров