Алматыда шетелдік азамат өзін әуежайдан қонақүйге қымбат бағамен жеткізген такси жүргізушісіне шағым түсірді

19 апреля 2023 г. 21:20 / Новости Казахстана

Көлік полицейлері шетелдік азаматты Алматы әуежайынан қонақүйге дейін 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Arbat.media

18 сәуірде Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне “Франкфурт – Алматы” бағытындағы рейсімен келген 43 жастағы Германия азаматы шағым түсірді. Ол өзін әуежайдан қонақүйге қасақана жоғары бағамен, яғни 45 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісіне қатысты шара қолдануды сұраған.

Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының 45 жастағы тұрғынын, жеке такси жүргізушісін анықтады. Ер адам германиялық азаматқа қоғамдық орындарда тиісіп, арбап, оған такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін жоғары төлем алған.

Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Германиялық азамат көлік полицейлеріне жоғары кәсібилік танытқандары және қаражатын кері қайтарып алуға үлес қосқандары үшін алғысын айтты, деді ІІМ баспасөз қызметі. 

Еске сала кетейік, жыл басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 15 970 азамат жауапқа тартылды. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 880 азамат анықталған. Оның 243-і заңсыз такси жүргізушілері.

 

 

Автор
Новости партнеров