Алматы облыстық ҰҚКД бұрынғы басшысы қаңтар оқиғасы бойынша алты жылға сотталды

7 апреля 2023 г. 14:03 / Новости Казахстана

Алматы облыстық ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысы қаңтар оқиғасында жұмыс орнын тастап кеткені үшін алты жылға бас бостандығына айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Arbat.media Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Талдықорған қалалық сотында лауазымды адамның өз құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс және ауыр зардаптарға әкеліп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануы дерегі бойынша К-ге қатысты іс қаралды.

Сот барысында анықталғандай, К. Алматы облысы ҰҚКД бастығы бола тұра, өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалана отырып, 2022 жылғы 5 қаңтарда орын алған оқиғаларды ескере отырып, өзінің лауазымдық міндеттерін елемей, жеке құрамға департамент ғимаратын қорғау жөнінде шаралар қолданбауға; әкімшілік ғимараттан кетуге; қызметтік және құпия құжаттаманы жоюға және тұрғылықты жерлеріне тарауға заңсыз бұйрық берген, нәтижесінде кейіннен ҰҚКД ғимаратын басып алуға әкеліп соқтырды («құпия» деген белгіге байланысты басқа мән-жайларды жария ету мүмкін емес), – деп жазылған Талдықорған қалалық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот үкімімен К. 362-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып отыр. Оны 10 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны да нақтыланған.

Президентке К.-ге қатысты Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді. Алайда сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

 

Автор
Новости партнеров