Айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаева қылмыс әлемінің серкесіне неліктен тұрмысқа шыққанын түсіндірді

3 марта 2023 г. 15:21 / Новости Казахстана

Белгілі айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаева алғаш рет өзінің күйеуі, қылмыс әлемінің беделді өкілі Нұржан Иманәлиев туралы айтты, деп хабарлайды Arbat.media.

"Уақыт көрсетеді" жобасына берген кең көлемді сұхбатында өнер иесі өмірлік жарының қылмыс әлемінде беделі бар адам екенін атады. Сондай-ақ, Нұржан Иманәлиевтің қолы ашық, мырза адам екенін жеткізді. 

Тұрмысқа шыққанға дейін ол кісі мінез көрсеткен жоқ. Көптеген мінезі үйленгеннен кейін шықты ғой. Алғашқы кезде әрине, қарсыласуым көп еді. "Не істеп не қойдым?" деген секілді өкіну де көп болды. Бірақ кейін  "Неге ол кісінің маған мына мінезі ұнамайды?" деп өзімді тану арқылы оны да тани бастадым. Ол енді ерекше адам. Мысалы, көптеген достары сый құрмет көрсетіп жатады. Бүгін қолында он миллион теңге болып, ертесінде он теңгесі де болмай қалуы мүмкін. Тіпті, оны Стамбулға бір кісілер іздеп келіпті. Біздің Сәтжан деген бауырымызға айтып, Нұржанмен жолықтыр десе керек. "Сен кімсің?" десе, "мен пәленшемін" депті. Нұржан ондай адамды білмеймін десе, ол баяғыда мен қиналып жүргенде маған машина беріп кеткен дейді. Нұржан оны білмейді де. Шамамен оның болмысы сондай, - деді Айнұр Тұрсынбаева. 

Айтыс ақыны "Нойс" лақап атымен танымал жұбайының мінезі адуынды, бұзықтығы көп адам екенін де жасырмады.

Бірақ шындығында өте жұмсақ адам. Негізінде болмысы ондай емес. Танитындардың барлығы "неге ол кісіні қорқынышты?" деп айтады. Атының өзі сондай ғой деп жатады. Бірақ мүлдем ондай емес. Романтикалық кино көрсе, жылап қалады. Сондай жүрегі жұмсақ адам, - деді Айнұр Тұрсынбаева. 

Қылмыс әлемінде "Нойс" деген лақап атымен танылған оның есімі өнер иесіне үрей тудырмаған көрінеді.  "Қорыққан жоқсыз ба?" деген сауалға ақын мүлдем қауіптенбегенін жауабында айтты. 

Оның "Нойс" деген лақап атты мектепте шулатып жүргенде мұғалімдердің айтқан аты екен ғой (Нойыс - дөрекі деген сөздің синонимі). Елдер "қылмыс әлемінде өйткен, бүйткен" деп жатады ғой. Оның қасында бес күн жүрген адамның бәрі "Сізді қалай солай деп айтады?" жатады, - деді ол. 

Өткен жылдары Нұржан Иманлиев қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Түркия түрмесінде жатқанда ақын қалай шыдағанын, оның жазықсыз жапа шеккенін алға тартты. 

Сол кездері маған қиын болды. "Осы сынақтан қалай өтеді екен?" деп мені құдай сынап тұр екен деп түсіндім. Стамбулда болғаннан кейін жалғызсырау болды. Бірақ қиналдым деп айтпаймын. "Егер сен мықты болсаң, соңына шейін алып шығасың" деп айттым. Қандай болғанда да Нұрекең ол жақта жазықсыз отырды. Түркияда қылмыстық жазаға 30-40 жылға дейін үкім кесіп жатады. Ақыретке дейін бірге боламыз деп сөз бергеннен кейін соңына дейін барамыз дедік, - деді ақын сұхбат барысында. 

Нұржан Иманәлиевтің есімін жұрт соңғы екі-үш жылдықта жиі естіп жүр. Ол "Дикий Арман" лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің жақын адамдарының бірі. Қаңтар оқиғана дейін "Нойс" атымен кең танымал оның Стамбул түрмесінде отырғаны айтылды.  

Ол туралы Жақсыбек Құлекеев «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» кітабында «… Арман Жұмагелдиев шенді адамдардың қамқорлығына сүйеніп, аймақтарға өз қарақшыларын қойып, тұтас Қазақстанды "Нойс" деген лақап аты бар Нұржан Иманәлиевке тапсырған. Н.Иманәлиев қазір түрік түрмесінде қамауда отыр» деп жазған болатын.  


Автор
Новости партнеров