2 жылда "еті өлген" Мәжіліс депутаты жастарға орын бермек
Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев жастарға мүмкіндік беру керектігін айтты. "Хабар" арнасында "Біздің мақсат" ток-шоуында сөйлеген халық қалаулысы ұзақ жылдар бойы парламентте бітірмей отырған әріптестері көп екенін айтты, деп хабарлайды arbat.media.
"2-3 шақырылым бойы депутат болып, әбден еті өліп кеткендер бар. Екі жыл отырған менің де етім өліп кетуі мүмкін. Біз орнымызды босатуымыз керек. Парламентке жаңадан жастар келуі керек. Себебі, биліктің айтқанын істеп, соған еті өліп кеткен адамдар бар", - деді Самат Мұсабев эфир кезінде.
Ұзақ жылдар бойы кәсіпкерлікпен айналысқан Самат Мұсабаев 2021 жылы Парламент сайлауында партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаты атанған. Кейін төменгі палатаның экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүше болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қазақстан халқына Жолдауында Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында өтетінін мәлімдеген. "Жастарға орын босату керек" деген Самат Мұсабаевтың Мәжілістің келесі шақырылымынан депутат ретінде көрмеуіміз әбден мүмкін.