Жапония Айға қонатын алғашқы модулін ұшырды
Жапония Айға қонатын өзінің алғашқы модулін – SLIM-ді Н2А зымыран-тасығышымен ғарышқа аттандырды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Оны Жапония Аэроғарыш зерттеулер агенттігі (JAXA) құрастырған, деп жазады Deusche Welle басылымы.
Н2А зымыран-тасығыш бүгін, таңертең Кагосима префектурасының оңтүстігіндегі Танэгасима ғарыш айлағынан ұшырылды.
Ұшырылым сәтін JAXA тікелей эфирден көрсетті.
Бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшу бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын.
Аппараттың биіктігі – 2,4 метр, салмағы – 200 келі. Оның мақсаты бет-әлпетті тану жүйелерінде қолданылатын технологиялар негізінде Ай кратерлерін және рельефін зерттеу. Сондай-ақ SLIM арнайы камерамен жабдықталған, оның көмегімен Ай бетіндегі темір мен өзге де элементтердің мөлшерін өлшей алады.
Аппаратты жасау кезінде қолданылған технологиялар белгіленген жерге қонып, 100 метрден артық қателік жасамауға мүмкіндік береді. Айға қонатын бұрынғы аппараттарда бұл көрсеткіш бірнеше шақырымға дейін жететін, деп атап өтті AFP агенттігі.