Ұлыбритания ядролық зымыранды сынауды жоспарлап отыр
Ұлыбританияның қорғаныс министрі Грант Шаппс оның елі алдағы бес жылда Ресеймен соғысуы мүмкін деп санайды. Осыған байланысты Ұлыбритания ядролық зымыранды сынамақшы, - деп хабарлайды Arbat.media.
Британдық The Sun газеті сынаққа Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі жақында ғана 600 миллион еуроға күрделі жөндеуден өткізілген HMS Vanguard сүңгуір қайығын қолданбақшы деп хабарлайды.
Ядролық қару сынағы Ұлыбританияның 2016 жылы сәтсіз зымыран ұшыруынан кейінгі алғашқы сынақ болмақ. Сарапшылар бұл HMS Vanguard үшін Корольдік Әскери-теңіз күштерінің ядролық тежеу флотына қосылуға дейінгі соңғы дайындық болып табылады деп болжайды. Сынақ аясында зымыран шамамен 6 мың шақырым ұшып, Бразилия мен Батыс Африка арасындағы теңізге түседі деп күтілуде.
Сонымен бірге Америка Құрама Штаттары да өзінің ядролық қаруын қайта құрылымдауда. 2008 жылдан бері алғаш рет арсеналдың бір бөлігі қайтадан Ұлыбританияда орналасады.
«Телеграф» газеті ядролық қару Саффолкте пайда болады деп жазады. Мұнда Ұлыбританиядағы АҚШ-тың екі әскери әуежайының бірі орналасқан.
АҚШ шамамен 15 жыл бұрын Ұлыбритания мен Грециядан ядролық қаруын шығарып тастаған еді. Сол кезде Ресейден келетін қауіп азайғаны хабарланған болатын. Енді, Пентагонның мәліметінше, Еуропадағы қауіпсіздік жағдайы қайтадан өзгерді.