Біз көрген Баку немесе әлем назарындағы Әзербайжан

11 апреля 2023 г. 19:50 / Евразия

Қазақстанмен Каспий теңізі арқылы шекаралас Әзербайжан Республикасы бүгінде дамушы елдер қатарында. Тоқсаныншы жылдардың басында егемендігін жариялаған елдің бүгінде өзіндік имиджі қалыптасып үлгерді. Он миллионнан астам халқы бар мемлекеттің оннан астам қаласы, республиканы құрайтын 66 ауданы бар. Астанасы Баку қаласында үш миллионнан астам тұрғын өмір сүреді. 

Каспий жағасындағы Баку қаласының орналасқан жерін Алматымен салыстыруға болады. Соңғы он бес жылда салынған қарқынды құрылыстарына қарап оны Астанаға ұқсаттық. Жұмыс күндері келгендіктен жағалауда ұшырасқан адамдар біз ойлағаннан көп болмады. Алайда халқының қонақжай екені бірден көрінеді. 

Бакудегі құрылыстардың көз тартар әдемілігіне сөзбен айтып жеткізу қиын. Ерекше стильде салынған үйлердің арасы бір-біріне тым жақын. Алайда солай екен деп тар жерде сапырылысқан адамдарды және көрмейсіз. Көліктері де сол жол бойынан орын тауып, өтіп жатады. Қала аумағы жағынан Алматымен шамалас. Алайда қала сыртындағы елдімекендерге дейінгі аралықта бірде бір бос орын жоқ. 

Біз Бакуге келген уақытта қала ішіндегі жол бойында темір қоршауы бар бетондар орнатылып жатты. Такси жүргізушісі сәуір айының соңында "Формула 1" Баку Гран приі өтетінін айтты. "Осы қоршауларда салғанда біз жолда кептеліске түсіп, қиналып қаламыз. Үш күн жарыс өткен соң зардабын тағы үш ай бойы тартамыз" деді жүргізуші. Мұндай қоршауларды қаланың көптеген көшелерінен кездестіруге болады. 

Әдетте ірі қалаларда теміржол вокзалы қаланың шет жағында орналасады. Ал Бакуде жолаушылар пойызы тура орталыққа дейін келеді екен. Тар көше мен көліктердің көптігі адамдардың жүруіне біз ойлағандай кедергі келтірмейтін секілді. 

Қалаға кірген пойыз теміржол вокзалына келіп тоқтап, кері шегініп шығып кетеді. Байқағанымыз мұнда кеңес заманынан қалған вагондар жоқ.

Бакудегі Гейдар Алиев атындағы орталық Астанадағы бұрынғы Президент мәдениет орталығына өте ұқсас. Ішінде әзербайжан ұлтының мәдениеті, кешегі тарихы мен бүгінінен сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған. 

Елдің екінші президенті Гейдар Әлиевті ұлықтау кеңінен етек алған. Биыл туғанына жүз толған тұлғаның суретін қаланың бірқатар жерінен көзіміз шалды. Г.Әлиев орталығында оның үлкен портреті ілінген. Айта кетерлік бір жайт, қазіргі уақытта Әзербайжан Республикасын Гейдар Әлиевтің ұлы Ильхам Әлиев жиырма жылдан бері үзіліссіз басқарып келеді. 

Әзербайжанда Қазақ деп аталатын жер атауы бар. Алайда бұл қалада қазақтар тұрмайды. XVIII ғасырда қала  Қазақ сұлтанаты деп аталған хандықтың орталығы болған. Г.Әлиев атындағы орталықта аталған қалаға тән әзербайжанның ұлттық киімі қойылыпты. 

Бакудің бір ерекшелігі мұнда ерте замандарда салынған тарихи үйлер өте көп. Әлі күнге дейін ескі ғимараттар пайдаға жарап, тұрғындар мекені болса, енді біразы туристер үшін қонақүйге айналған. Мұнда жыл он екі ай бойы келетін демалушылар саны толастамайды. 

Қаланың ішінде ерекше сәулет өнеріне бай көне ескерткіштер, аспан астындағы ашық мұражайлар көп ұшырасады. 

Баку ішіндегі ашық мұражай. Мұндағы жәдігерлер де орта ғасырларға тән. 

Қала орталығындағы көне қорғанның қоршауы. Жаугершілік заманда бұл жерде соққы беретін қорғаныс құралы орналасқан. Бүгінде тұрғынүйлер аумағында тұрған тарихи жәдігер туристердің көптеп келуіне сеп болып отыр. 

Ел астанасының Сабыншы ауданында орналасқан XVI-XVII ғасырда салынған қорған тарихи орын ретінде ерекше қорғауға алынған. 

Г.Әлиев орталығына қойылған әзербайжан кілемі. Бұл елде ұлттық қолөнер ерекше бай әрі сұранысқа ие екенін бірден көрінеді. 

Үндістандық туристерге ел тарихы туралы айтып жатқан әзербайжандық өлкетанушы. 

Бакуден 30 шақырым қашықтықта орналасқан ғибадатхана. Сурахан ауданында салынған құрылыс ежелгі дәуірге тән.  

Посткеңестік елдерге кеңінен танымал "Бриллиантовая рука" фильмінің бір эпизоды түсірілген шағын аудан. Аталған орынға суретке түсу үшін туристер үзіліссіз келіп жатады. 

Түнгі Баку көрінісі

Әзербайжан жастары теңіз жағасындағы арбатта ұлттық биін билеуде. 

"А Студио" тобының концерті туралы афиша ел президентінің резиденциясына жақын аумаққа ілініпті. Суретке түсіріп жатқанымызда қасымызға гитара асынған жігіт ағасы келді. Біздің Қазақстаннан екенімізді байқаған ол тоқсаныншы жылдар басында Алматы облысындағы Сарыөзекте әскери бөлімде музыкант болып еңбек еткенін ерекше мақтанышпен атады. Әлі күнге Қазақстан туралы жылы пікірде екенін, дамушы ел ретінде көпке үлгі болып отырғанын жеткізді. 

Баку теңіз порты. 

Ел астанасының Сабыншы ауданында орналасқан мұнай кен орны. Қалада жердің аз екенін кен орнының іргесіндегі үйлердің тығыз салынуынан байқауға болады. 

Баку базарында жеміс-жидек бағасы ерекше таң қалдырды. Мұндағы құлпынай бағасына қарап, Қазақстанда оның үш-төрт есе қымбатқа сатылатынын түсіндік. 

Астана сыртындағы ауыл. 

Бакуден 56 шақырым жердегі Гобустан тауы. Аталған орын Әзербайжанның тарихи сәулет өнерінің бірден бір орны болып саналады. Мұндағы жартастарда орта ғасырларға тән белгілер көп.  

XIX-XX ғасыларда Әзербайжанның байлары Еуропаға саяхаттап, Францияда көрген сәулет өнерін Бакуге әкелуге мұрындық болған. Олар қалада көптеген үйлер салдырып, өздері тұрса керек. Солардың барлығы бүгінге аман жетіп, қазіргі уақытта мемлекет меншігінде әрі қолданысқа берілген. 

Әзербайжанның Ұлттық мұражайы. 

Қала орталығында үйлер. 

Елде Әзербайжан туын көптеген жерден кездестіруге болады. Ғимараттардан бөлек жеке тұрғынүйлердің балконында ілінген байрақтардың санында есеп жоқ. 

Әзербайжан президентінің аппараты. Ғимарат қоршауға алынбаған. Мұндағы күзет қызметі адамдардың ғимаратты суретке түсіруіне шектеу қойған. Біз нысанды түсіріп жатқанда талдың қасындағы кабинадан күзет қызметінің адамы шығып, ескерту жасады. 

Әзербайжанның Үкімет үйі тура жиырма жыл бойы салыныпты. 1932-1952 жылдар аралығында салынған министрлер кабинетінің ғимараты Каспий теңізінің жағалауында орналасқан. Алайда сәуірдің соңында нысан алдындағы жолдан Формула 1 көліктері өтетін болғандықтан, жақыннан түсіруге еш мүмкіндік болмады. 

Баку көшелеріндегі үйлерде ескерткіш өте көп. Кезінде ұлт зиялылары тұрған үйлердің барлығына дерлік осындай ескерткіш тақта орнатылған. 

Шихова ауылындағы XIII ғасырда салынған шейіттердің Биби-Эйбат мешіті. Кеңес үкіметі орнаған кезінде ғибадат орнының біраз бөлігі құлатылған. Кейін қайта қалпына келтіріліп, мемлекет қорғауына алынды. 

Дүңгіршектегі Әзербайжан газеттері. 

Баку өте жасыл желекке көмкерілген қала әрі мұндай қыста қар жаумайтындықтан көптеген тропикалық ағаштарды кездестіруге болады. 

Жанардақ деп аталатын сайдағы от мыңдаған жылдардан бері жанып жатыр. Мұнда метан газы жер қабаттарынан бірнеше ғасырдан бері шығып жатқан көрінеді. Қалың қардан, толассыз жауған жауынға қарамастан газ әлі күнге дейін сөнбеген көрінеді. 

P.S. Бакуде болған үш күніміз үш сағаттай өте шықты. Қаланың көрікті екені, уақытпен бірге одан әрі көркейін келе жатқанына көңіліміз толды. Елдің ұлттық валютасы бір манаттың біздің ақшаға шаққандағы құны 255 теңгені құрайды. Алайда оған қарап елдегі еңбекақы көлемі жоғары деуге келмейді. Мәселен, біз тоқтаған қонақүйдің қызметкері әңгіме арасында 600  манат айлық алатынын айта кетті. Осыған қарап, елдегі тұрмыс жағдайы анағұрлым алда емес екенін көруге болады. Баку жұрты, жалпы әзербайжан халқының туристерді жақсы көретінін ерекше атауымыз керек. Көрген жерден көмектесуге ұмтылып тұратын ұлттың мейірімді екенін өздеріне тән қасиет деп ұқтық. Ал бала көрсе бәрін ұмытатын бакуліктер бір жастан асқан ұлымызды айналшықтап шықпай қойғанына қарап, сондай балажан халық демеске амалымыз қалмады. 

 

Автор
Новости партнеров